20 ғасырдағы адебиет

МАЗМҰНЫ

 

Кіріспе

 

Негізгі бөлім

1) 1920-30 жылдардағы қазақ прозасындағы астарлы мағына және дискурс табиғаты

2) ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ

3) Қазіргі дәуір және әдебиет теориясы

 

Қорытынды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСЕ

 

Қазақ әдебиеті  — қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнерiнiң тегi әрiден, түркi тiлдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезiнен басталады.

Халық фольклоры мен поэзиясының  негiзi сол тайпалар шығарған ертегi, аңыз, мақал-мәтелдерде жатыр. Батырлардың отаншылдық сезiмi, туған халқының азаттығы жолындағы күрестерiн жырға қосқан батырлық эпостар («Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», т.б.), халық арасына кең тарап, сүйiктi шығармасына айналған, жастардың адал махаббаты, алмағайып тағдыры жырланған лиро-эпикалық дастандар («Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қыз Жiбек», т.б.) қазiргi қазақ әдебиетінiң өз алдына мол мұрасы болып саналады

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1) 1920-30 жылдардағы қазақ прозасындағы астарлы мағына және дискурс табиғаты

 

20-жылдардағы қазақ әдебиеті  толымды ізденістермен басталғаны  белгілі. Патша цензурасы тыйым  салып, ой-пікірі жарық көре  алмаған қаламгерлердің бірқатары  осы тұста сөз еркіндігін пайдаланды. Әдебиет дамуының бағдары, міндеттері  жайында кең көлемде пікірлесу  өріс алды. Ақын-жазушылар да қалаған,  жанына жақын тақырыпқа шығармалар  жазды. Алайда 1925 жылы «Партияның  көркем әдебиет саласындағы саясаты  туралы» қаулының шығуы, әдебиеттің  партия ықпалына түсуі мұндай  еркіндікке тез тұсау салды.  Осы тұстағы әдебиет туралы  ой-пікірлер де, бұрыннан бері  бағасын ала алмай келген шығармалар  да бүгін жаңаша бажайлауды  керек етеді. 

Ұлттық әдебиеттегі үдеріс төркінін, ондағы шығармашыл күштердің  арақатынасын терең ұғынбай, әдеби  шығармаға баға беру күрделі. Әдебиет  адам баласына ой саларлық, көркем ғибрат берерлік мектеп болса, өз міндетін орындағаны. Әдебиет кеңес тұсында да тап  осы міндетті атқаруға тиіс еді, бірақ  белгілі ықпалдың күшімен таза идеологияға  көбірек бой алдырды. Көркемдікпен ұғынылатын дүниелер тікелей үгітпен  жасалды.

Қазақтың  көркем прозасы, негізінен, 20-жылдардан  туып, қалыптасты. Кезең ішіндегі тарихи оқиғалар легінің қабаттасуы, адам тағдырының күрделілігі, поэзияның  ауқымына сыймастай өзгерістердің  молдығы прозаның дамуын жеделдетті. 1917 жылғы төңкерістен кейін-ақ бұрын  болмаған проза түрлерінің баспасөз беттерінде көріне бастауы, осы жылдары  олардың қарқынмен өрістеуі бұған  дәлел.

1920-30 жылдары өмірге келген көркем  дүниелер қаламгерлер талантының  қандай қатал тыйымдарға қарамастан, өз мүмкіндігін көрсетуге жол  таба білді. 

Осы дәуірдегі қазақ прозасын дамытуға алғашқы күннен бастап қызмет еткен, оның шағын жанрларын жетілдіруде  зор еңбек сіңірген жазушы – Бейімбет Майлин. Б.Майлин шығармашылығы – 1920-30 жылдардағы ел өмірінің тұнып тұрған болмысы мен тарихы, алмағайып  заманның трагедиясы. Реалист жазушы есебінде болған, кейбіреулер натурализмге жақындататын Биағаң прозасында мүлдем бөлек сипаттағы астарлы мағына көп.

Шығарманы символикалық сипат  тұрғысынан зерттеуде  жазушының  «Қара шелек» әңгімесі мол мүмкіндік  береді. Әңгімені тереңірек үңіліп оқысақ, астарында үлкен философиялық проблема жатқанын көреміз. «Қара шелек» – адам құқығын аяқ асты еткен, көшпелі және жартылай көшпелі қазақ  шаруаларын жаппай босқынға, аштық  пен қуғын-сүргінге ұшыратқан, зорлап отырықшылдандырып, соңында колхозға кіруден басқа жол қалдырмаған  авторитарлық, деспоттық қылмыстық  істі әшкерелейтін дүние. Әңгіме соңында  біз «екі бүктеліп, түбі аламайымен сөгіліп жатқан қара шелекті» көреміз. Бұл - адамның жеке меншік малына, затына қол сұғудың  нәтижесі. Осы бір ғана деталь арқылы Б.Майлин маңызды қоғамдық байламдар жасайды, колхоздастыруға деген ішкі қарсылығын астарлы түрде жеткізген.

М.Әуезов суреткер ретінде әлі де біз үшін жұмбақ, өйткені барлық нағыз дарынды  бірден танып, түсініп кете алмайсыз: қаламгер шығармашылық тұлға ретінде  қаншалықты дара болса, оған баға беру де соншалықты қиын. Жазушының «құпиялы»  шығармаларының ішінде әлі де шешімін  таппаған, әділ бағасын алмағаны «Қаралы  сұлу», «Қасеннің құбылыстары», «Оқыған  азамат» және «Қорғансыздың күні»  әңгімелері болып табылады.

«Қорғансыздың күні» әңгімесінің  атауынан-ақ қаламгердің қорғансыз  адам тағдырын суреттейтінін, оның трагедиямен  аяқталатынын іштей сезіп отырамыз. Жазушы шығарманың қалай аяқталатынын, яғни оқиға барысын, тұспалмен-ақ оқырманға  алдын-ала білдіреді. Әдебиет зерттеушісі  Ы.Дүйсенбаев қорғансыздар өміріне  төнгелі тұрған қауіп туралы: «... Шағын кіріспенің өзінен-ақ қорқынышты оқиғаның төнгенін сезініп, дегбірсізденгендей боласыз. Күннің райы да, табиғат ерекшелігі де көңілдегі күдікті күшейте  түседі» 

М.Әуезовке дейін қазақ прозасында адам психологиясының автор идеалымен  сабақтас келетін пейзаж жоқ еді. Зерттеуші Р.Нұрғали де: «Пейзажды, диалогты, монологты адам психологиясын  ашудың ұтымды тәсілі ретінде пайдалану  – Әуезовтің жазушылық ерекшеліктерінің бірі»,–  деп нақтылайды.

«М.Әуезовтің сомдаған әйел кейіпкерлер  жүйесінен олардың өзіндік ерекшеліктері  танылады. Жазушының «Қорғансыздың  күні» шығармасында суреттелетін үш әйел – тағдыр тәлкегінің, ескілікті  заманның құрбандары. Өзінің бейнелік айқындығымен, трагедиялық сипатының  тереңдігімен Ғазиза Шекспирдің әйелдер  бейнесімен,  Островскийдің Катеринасымен  қатар тұра алады»

Әңгімедегі  «кебін» – өлімге, қазаға байланысты ғана айтылады.  Яғни, бұл үйдегі қорғансыз, қауқарсыз адамдардың еш шарасы, үміті жоқ екендігін осындай  астарлы сөздер арқылы білдіреді. Ойын нақтылып айтпаса да, ишарамен, меңзеумен  жеткізеді. Қорғансыз аруақ, қорғансыз  мекен, қорғансыз жандар образы тұтасып, қорғансыз қалайын деп тұрған қазақ даласына деген автор көзқарасын айғақтайды.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                

Астарлы ойдың шығармадағы тағы бір көрінісі – бейіт, мола бейнесі. Автордың бейітке  көңіл бөлуі шығармадағы астарлы  ойдан хабар бергендей. Моланы, бейітті суреттеу қазақ салтындағы аруақ ұғымымен, аруақты пір тұту, аруаққа жалбарынумен  тығыз байланысты.

Жаралы жандардың ауыр халін  суреттеген жазушы Ғазиза өлімімен кедей  ауылының ауыр тұрмысын қыстың аязды, боранды күндерімен қат-қабат алады.

«Қаралы сұлу» – қаламгердің  өнер туындыларының ішіндегі үздігі, жауһарының бірі болып табылады. Әуезовтің  Қарагөзі типтік бейне емес. «Қаралы  сұлу» әңгімесінің тақырыбы дәстүрлі әйел теңсіздігін суреттеуден басқа. Рух пен тәннің күресі суреттелген шығарма жер, мал, меншік, билік туралы күрес жүріп жатқан дәуірде жарық көрді. Қазақ топырағында, көшпенді салт-санасында «Қаралы сұлудан» басқа әйелдің сезім иірімдеріне, құпия жан сырына тереңдеп барған шығарма жоқ шығар. Осы шығармадағыдай адамның жан азабын, ішкі күйзелісін, жұмбақ психологиясын нәзіктікпен, барынша әулиелікпен сезіне алу – кез-келген жазушының еншісіне тие бермейтіні рас. Қарагөздің бар болмысын сезініп-қабылдау таланттың кемелдігінің берген жемісі. Қарагөз трагедиясын М.Әуезов барынша табиғилықпен қабылдаған.

Қазіргі әдебиеттану ғылымында  «топос», «эмблема» деген ұғымдар  жатсынбай қолданысқа кіруде. Бұлар  нақты, қалыпты жағдайлардан абстрактілі, терең, астарлы мән туғызады да, автордың дербес стилін танытады. Әңгіме бастауынан арна алатын «қара» түбіріне бітетін сөздер шығарманың өне бойында жиі қайталана орын алған. Түр-түске байланысты «қара» эпитеті әр алуан тіркестерде жаңа экспрессивті реңкті иеленіп, Қарагөз басындағы қасіретті күйдің сан орамды символына айналады. Аталмыш шығармадағы «қара жыланды» да  нәпсінің, азғырудың символы деп қарастыруға болады. Автор бір жылан арқылы-ақ үлкен мағынаны меңзеп тұр. Әңгімеде Қарагөздің өзі де нәпсіні осылай атағанын айтады. Осы келтірілген мысалдардан автордың кейіпкер қиналысының себебін де осы нәпсімен түсіндіретінін көруге болады. Қара жыландай нәпсі мен Қарагөздің арпалысы – осы шығармадағы басты идеяны дамытатын негізгі ой көрінісі.

Зерттеуші А.Ісмақова: «Қазақ прозасында алғаш  рет қоғамның қайшылығы, адам санасының  патологиялық бейнесі, трагедиялық  ахуалы, қырқысқан күштердің құрбандығы, адам сезімінің табиғилығы дағдарысты күйде бейнеленді. Адам концепциясының мұндай көрінісі өткен ғасырдағы  Т.Манн, Г.Гессе, М.Әуезов шығармаларында көрініс беріп модернизм мен  реализмнің ұштастығында бейнеленді», - деп жаңаша ой түйеді.

1920-30 жылдардағы қоғам болмысын М.Әуезов  “оқығандар образы”  («Оқыған  азамат», «Сөніп-жану», «Кінәмшіл  бойжеткен») арқылы да  ашты. Қоғамдық-саяси,  әлеуметтік шиеленістердің тіні  Ақтай, Жұмағұл, Ғайша, Ғаббастар  образымен астасып жатты. Шешілмей  жатқан проблемалар, елдің мұң-мүддесі,  ел басына күн туған кездегі  дағдарыс осы әңгімелерде айқын  ашылған.

Қазақ әдебиетінде осы тұста жарық  көрген бірқатар шығармаларға оқыған, жаңа адамдардың бейнесі әр қырынан  арқау болады. Мәселен,  С.Садуақасовтың  «Күлпәш», «Күміс қоңырау», «Салмақбай-Сағындық»  сияқты әңгімелерінде қала мен ауыл өмірінің өзгеше сипаттары суреттеледі. Бұл жөнінде Смағұл Садуақасұлының ғұмырбаянын, әдеби-көсемсөздік мұрасын  алғаш зерттеген ғалым Д.Қамзабекұлы  былай дейді: «... қоғам түзелген шақта  Смағұлдың прозалық шығармалары  қайта баспа бетін көріп, талдана  бастады. 1990 жылы «Жалын» журналының 3 санына филология ғылымының кандидаты  Б.Дәрімбетов «Ағып өткен бір  жұлдыз» деген мақала жазып, қайтаркердің ғұмырбаян деректеріне, артында  қалған көсемсөздеріне, көркем шығармаларына  шолу жасады. Зерттеуші Смаұлдың «Күміс қоңырау» повесімен халықты қайта қауыштырды. Сондай-ақ, 1993 жылы Б.Дәрімбетов Смағұлдың таңдамалы шығармаларын құрастырып, жазушының «Салмақбай-Сағындық», «Күлпәш» атты тағы екі прозалық туындысын қалың оқырманға жеткізді» [18, 86-87 бб.].  Сейілбек пен Қошқарбай хаттары, Сәлиманың аянышты тағдыры «Күміс қоңырау» повесінің сюжеттік желісін құраған. Сәлима еркіндікті аңсаған қыз. Орысша оқып, күміс қоңыраулатып келген Сейілбектің етегінен ұстағанда Сәлима қолы бостандыққа жеткендей өзін еркін ұстайды. Бірақ ол үміті ұзаққа бармаған. Сейілбектің жылтыраған сыртқы көрінісіне алданған Сәлима жәбір көріп, ойлаған мақсатына жете алмай, орта жолда қалады.

Оқыған, қалада білім алған  жігіттердің типтері әр алуан. Осындай  оқыған азаматтың біреуі – «Сөніп-жану»  әңгімесіндегі Сыздық.  Оның ауылдағы әйелін ұмыттырып, сымбатты орыс әйеліне  еліккен себебін зерттеуші М.Арнаудов көркем шығармада кездесетін басты кейіпкерлердің ішінде ұнамсыз мінез-құлықтылар да басты кейіпкер бола алатындығын айтады [19, 68 б.]. М.Әуезовтің осы талдауға өзек болған шығармаларындағы кейіпкерлердің қай-қайсыда қоғамдық-әлеуметтік ортада тоғышар, пендешілік сипаттарымен танылады. 20-30 жылдардағы көркем туындыларда оқыған, көзі ашық азаматтардың орныққан бейнесі мүлдем жаңа сипатта өрістейді.

Символикалық сипат –  әңгіме еңсесін биікке көтеретін  факторлардың бірі. Мұнда қаламгер айтпақ ойын көзге ұрардай жарқыратып, ашып тастамайды, көлегейлеп, астарлап, символмен, меңзеумен, шағын деталь арқылы, астарлы метафора көмегімен, тұспалдап, ишарамен, емеурінмен ұсынады.

Қазақ прозасында ойды символикамен жеткізу әдісін батыл игерген  жазушының бірі – Мұхтар Әуезов. Алғашқы әңгімесіндегі сарындар кейіннен Әуезовтің көптеген туындыларында  қайта өрбіп, дамып отырады. Жазушылықтың бастапқы кезеңіндегі туындылардың ортақ сипаты – трагизм, әлеуметтік қақтығыстар, адамның ішкі әлеміндегі қайшылықтар – осының баршасында келісім, бірлік, ат кекілін кесіп  кету, морт сыну, өліммен тыну бар. М.Әуезов қоғамдық-әлеуметтік құбылыстарды, антагонистік қайшылықтарды сұсты, реалистік, трагедиялық  шығармалар арқылы шынайы бейнеледі. Сондай туындыларының  бірі – «Көксерек» повесі. «...Біздің әдебиетімізде философиялық символика М.Әуезов шығармаларынан басталады. «Көксерек» – осы арнаның  басы»  [20, 120 б.] деп, сыншы С.Әшімбаев айтқандай, ұлы қаламгердің бұл  туындысы ойды символикамен жеткізу  әдісін батыл игерудің жемісі іспетті. Автор ойын жарыққа шығарудың  тәсілі ретінде символиканы қолдануы әбден заңды.

Қаламгердің осы повесі жайлы  әр кезеңде жазылған зерттеулер біршама  мол. Солардың ішінде туындының көркемдік  қуатын, тілдік ерекшелігін, сөз шымырлығын, құрылымдық даралығын саралаған  зерттеушілердің қатарында М.Қаратаев, Ы.Дүйсенбаев, З.Қабдолов, Р.Нұрғали, М.Мырзахметовтерді атауға болады. Хикаяттағы образ бен  символға байланысты кезінде жаңа, құнды пікірлер айтқан академик Р.Нұрғали болды. Туындының көлемі шағын болса да, жазушының оған көп мағына сыйдыра білгендігі, бірер деталь арқылы көп сыр аңғартатындығы туралы дәлелді тұжырымдар келтіре отырып, ғалым «Көксеректің» әрбір тарауына дербес сипаттама береді, талдау жасайды.

«Көксерек»  әлем әдебиетінің  осы бағыттағы Джек Лондон, Эрнест Хемингуэй, Эдгар По, Марсель Пруст  шығармаларымен көркемдік шеберлiгi жағынан шығармашылық бәсекеге түсе алатыны даусыз. Повестi оқығанда әсіресе, Канада жазушысы Э.Сетон-Томпсонның «Виннипег  қасқыры»   мен ағылшын жазушысы Д.Лондонның «Ақ азуы»   арасындағы ұқсастықтарды бiрден байқауға болады.  

Повесть сюжеті Құрмаш өлімімен аяқталып  тұр. Автордың шығарманы Құрмаштың трагедиялық  өлімімен аяқтауының себептері астарлы. Осындағы қатыгездік, жауыздық, сатқындық  мәселелерінде қоғамдағы ахуалдың көлеңкесі тұрғандай. 

«Көксерек» шығармасының көркемдігі әлі қанша буынды тамсандырады. «Қорғансыздың күніндегі» символика  тәсілі «Көксеректе» тереңдейді. Өзінің апогейіне көтеріледі. «Көксеректі» қазбалай түссең, оның көркемдігі алдыңыздан өзгеше кеңістік ашатындай.

Дәстүр мәселесі кең ұғым. Әр ел әдебиетінде сандаған дәстүрлер  туып, оның озығы бертінге дейін  жетіп отырады. Кейiнгi жазушының  өзінің алдындағы жазушыдан үнемі  үйренiп отыратыны сөзсiз. Осы  тұрғыдан келгенде М.Әуезов шығармаларында шеберлiктiң биiк үлгісi танылды.

Жалпы қазақ прозасында философиялық, психологиялық шығармалардың өмірге келiп, қалыптасуына үлкен еңбек  сіңірген - М.Әуезов болса, оның көркемдік  дәстүрге айналып, терең тамырланып өркен жаюына кейiнгi буынның да елеулi еңбектерi бар.

Әдебиетiмiздегi жануарлар, хайуанаттар  өмірiн, тiршiлiгiн суреттейтiн философиялық шығармаларды қарастырғанда жазушы Ғ.Мүсіреповтiң шығармаларын ерекше бағалауға болады. Қаламгердің кейiнгi шығармаларының көбiнде жанамалап  немесе астарлап болсын адамгершiлiк  мәселесi, ар тазалығы, жан сұлулығы дәрiптелiп, суреттелуiмен қатар өмірдегi кейбiр келеңсіздiктер, аяушылық, адамшылық  сияқты сезімдердің  аяққа тапталуы, өмір сүрудегi даңғаза дарақылық, мақсатсыз, мағынасыз қызық құру сияқты көптеген мiнездер кейде ашық күйде берiлсе, ендi бiрде астарлы образдар арқылы сөз болады.

«Қыран жыры» мен «Өмір  жорығы» – дәстүрлі қалыптағы  көркем шығарма емес, философиялық әңгімелер. Қос туындыны біріктіріп тұрған белгі – тақырып  ортақтастығы, идея сонылығы. Бұл әңгімелер де өмір төңірегіндегі толғаныс, ұрпақ  жалғастығы тәрізді проблемалар  асқан шебер философиялық толғаммен, автордың кірпияз талғамымен шебер  үндесіп, жымдасып кетеді.

Жазушының бұл екі туындысы қазақ әңгімесіне жетпей тұрған айшықты  бояуларды жинақтаудың тәжірибесі, ойды символикамен жеткізу тәсілін  батыл игерудің жемісі сияқты. Айтпақ ойын жорамал, болжам арқылы білдіруі әбден заңды.

Ұлттық тарихымыздың соңғы  үш ғасырдағы ең түйінді оқиғалары  мен ең күрделі құбылыстарын  зерделей алған Ғабит Мүсіреповтің айтар ойды, суреткерлік өз көзқарасын тұспалдап, психологиялық контраспен жеткізуі, философиялық символикаға  ден коюы қазақ прозасына қосқан дара сүрлеу соқпағы дер едік. Шығармашылық айдыны қай ғасыр, қай заманда  келіп бас қойсаң да шөліңді басып, мейіріңді қандыратын кәусар қасиетін жоғалтпаған Ғ.Мүсіреповтің символдық  әңгімелері ой ұшқырлығымен, сырлы  сазымен, бейнелі ойымен шағын жанрдың  шеңберін кеңітіп тұр.

Ғ.Мүсіреповтің бұл қос туындысын тірліктің  өткінші екені, уақыт заңы, алдыңғы, кейінгі буын арасындағы қарым-қатынас, орынды іс пен орынсыздық туралы жыр  десе де болады.

Қазiргi қаламгерлер М.Әуезов шығармаларындағы идеяны, сарындарды бүгінгі заман шындығына орай тереңдетiп, ұлғайтып, өміршең дәстүрдi жалғастыруда. Бұл қатарға Ғ.Мүсіреповпен қатар Т.Әлiмқұлов, Ә.Кекiлбаев, О.Бөкеев, М.Мағауин сияқты қаламгерлердiң  адам жанының психологиялық қилы-қилы сырларын, жан дiрiлiн, сезiмдiлiгiн  ашу мен берудегi зерделi iзденiстерi сонарға түскен соқпақтай айқын  да нәтижелi деп батыл айтар едiк.

Бұл шығармалар туралы сыншы  С.Әшiмбаевтың: «М.Мағауиннiң Тазысы, Ә.Кекiлбаевтың Бәйгеторысы, О.Бөкейдің Бурасы,  С.Санбаевтың Аруанасы зоологиялық  тақырыптағы әдеттегi образдар ғой  деп қарау сол шығармалардың  мөлдір рухын түсінбегендiк болар  едi. Олар көркемдік шарттылыққа  негiзделген терең ойлы, реалистiк-символикалық образдар арқылы өмір туралы толғаныс-ойларын  батыл айта бiлген. Бұл образдардың  жасалу дәрежесi жас жазушылардың интеллектуалдық iзденiс ой-өрiсiн, философиялық дүниетанымын танытады» деген пiкiрiмен әбден келiсуге болады. Сонымен қатар анималистік мағынаның қазақ әдебиетіндегі көрінуі де белгілі бір сыртқы факторларға байланысты екендігін алға тартады.    

Яғни, ойды астарлы мағына мен құпия сырлар арқылы беру қазіргі  әдебиетте де өз көрінісін тауып  отырғанын байқауға болады. Жазушылардың шығармаларында табиғат көріністері  құр жай ғана сурет, адамдар өмір сүретін орта ғана емес, кейіпкердің  көңіл-күйі, құпиясы, қайғысы, тағдырымен үндес келетін көркемдік астарлы  символ болады.

Қорыта  келгенде, 20-30 жылдардағы шығармаларда қаламгерлер өз ойларын жарыққа  шығаруда астарлы мағына беретін  түрлі тәсілдерді қолданған. Сол  арқылы шығармаға терең символикалық, философиялық сипат берген деуге  толық негіз бар.

Диссертациялық зерттеудің «Қазақ әңгіме-повестеріндегі дискурс  табиғаты» деп аталатын екінші бөлімінде  ХХ ғасыр басындағы прозадағы  құпиялылық, символдың мәні, оның көркем туындыдағы қызметі сараланады. 

Қазіргі әдебиеттану ғылымындағы  ықпалдастық пен өзара үндесулер  онда қалыптасып қалған тұжырым-қағидаларға  өзгеше қарауды талап етеді. Қазақ  әдебиеті тарихындағы экспрессионизм, импрессионизм, экзистенциализм және басқа да модернистік көзқарастардың мән-мағынасы мен орны туралы айтатын  уақыт жетті. Әрине, әңгіме бірден айрықша  ұйымдастырылған ағымдар мен бағыттардың болғандығы жайында бірден өрбімесе керек-ті, бірақ көркемдік тұрғыдан талдап қорытылған әр түрлі тәсілдер туралы тұспалдап айтылған ойлар бар. Мысалы, М.Әуезов   қазақ әдебиетіндегі анархиялық нигилизм, буржуазиялық индивидуализм үлгілері, формализм, натурализм жайында пікір айтады.

Қазіргі филологиялық ғылымда  дискурс пен оның табиғатын ашуға  байланысты пікірлер әр тарапты. Оған «белгілі бір аядағы ағымдық тілдік қызмет», «тілдік байланыстар арқылы жасалатын мәтін», «аяқталған тілдік қарым-қатынас», «оқиғалық аспектідегі  мәтін» тағы сол сияқты көптеген анықтамалар  беріледі. Сонда «дискурс» ұғымы  тілдік қызметті де, мәтінді де, мәтін  аясын да, ойтолғамды да білдіретін көп қырлы термин. Яғни, бір сөзбен айтқанда, дискурс мәтіннен басқа  экстралингвистикалық факторларды (қоршаған ортаны, ойтұжырымды, қағидалар мен  адресаттың мақсатын) білдіретін күрделі  қарым-қатынастық құбылыс. Бұл жөнінде  Л.Дж.Филлипс, М.В.Йоргенсен, М.Л.Макаров, Е.И.Шейгалдардың зерттеулерінде кең  айтылған. 

Қазақ прозасында поэтиканың әр түрлі типтерінің (феноменді, импрессионистік, экспрессионистік, суреттеу) қолданысы, олардың әр түрлі қатынастағы  күрделі байланысқа түсуі сөз  болғанда, М.Әуезов шығармашылығын айналып  өту мүмкін емес.

М.Әуезовтің алғашқы прозасын біржақты түсіндіруге келмейтініне қолданыста бар әр түрлі пікірлер дәлел. Ең алдымен бұл жағдайда жазушының  адам өмірінің субстанционалды жақтарына  табанды қызығушылық танытқанын мойындау керек. Қаламгердің өткеннің мәдени құндылықтарына, рулық және ұжымдық сананың қайнар көздеріне, кейіпкерлердің ортамен байланысына  бет бұруына бұрынғыдай сын көзбен ғана қарауға болмайды.  

Әрине, бірден экзистенциализмді XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихында қалыптасқан философиялық жүйе ретінде қабылдап, оның шығармашылық әрекеттегі ролі туралы сөз қозғау орынсыз. Әйтсе де, өмір мен мәдениетке өзгеше көзқарас, адамның шынайы және идеалды құбылыстарын өзінің жеке болмысында бастан кешуі туралы сөз қозғауға болады. Оның үстіне еуропалық және орыс суреткерлеріне де тән болған ойлаудың бұл түрі XX ғасыр басындағы  ұлттық прозаны, оның ішінде М.Әуезовтің  алғашқы прозасын, осы арнадағы зерттеудің өзектілігін көрсетеді. М.Әуезовтің  шығармашылығындағы философиялық сарындардың  диалогы туралы мәселені арнайы талдау суреткер шығармашылығының терең қабаттарын көруге мүмкіндік береді.

Адам мен әлем бірлігі  – М.Әуезовтің алғашқы әңгімелерінің  басты тақырыптарының бірі. «Қорғансыздың  күні», «Жетім», «Қыр суреттері» және 20-жылдары  жазылған басқа да шығармаларды осы  тұрғыдан қарастыру керек. Жазушы бұл  жерде өзі үшін екі тұрақты  категорияны: мән мен құбылысты  бөліп алатыны және оларды қыр  тұрғындарының ауыр өмірінде көрсету  міндетін алға қоятынын ерекше айта кеткен жөн. М.Әуезовтің аталған шығармаларын талдау оларда тап осыған ұқсас рухани «төмендеудің» адам өрлеуімен кездесуі өтетін жолға ұмтылыс байқалатынын көрсетеді. «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі Күшікбай рухы мен Ғазизаның, «Жетім» әңгімесіндегі әже бейнесі мен Қасымның қарам-қатынастарын да осылай түсіну керек.     

Көркем шығармада адамның  сыртқы түр тұлғасы, нақты іс қимылымен  қатар, жан әлемі, ішкі болмысы да өзара бірлікте көрінеді. Осы ретте  зерттеуші ғалым Г.Пірәлиева: «Көркем  прозаның сапасын арттыратын психологизм  жүйесі адамның ішкі рухани әлемі  тереңдетіле бейнеленетін шығармаларға тән құнарлы қасиет. Бұл ретте  қаламгер қабілетінің даралық сипаты шешуші рөл атқармақ», – дейді. Адам мен көрнекі-кеңістік әлемнің бірлігі кем дегенде екі әрекетті тұспалдайды: «әлемге баратын жол мен оны қабылдау» (әлемді жандандыру) және өмірді күйзеліс ретінде түсіндіру. Қалтай мен оның серігін кемпірдің аянышты әңгімесі де, Ғазизаның жоғалып кетуі де селт еткізбейді, яғни күйзелістің болмауы оларды басқа қатарға қояды.

Жас Әуезов әлемі өмірге деген құштарлыққа толы, суреткердің  дүниеге деген сезімтал субъективтілік көзқарасының арқасында фактуралы  сипатта. Рухани тақырып өздігінен  емес, кейіпкерлердің «интенционалды»  күйзелісінен басым болғанында ғана маңызды. Жердің, жанның, өмірдің жаңғыруы киелі аруақтар Күшікбай мен Қасымның әжесінің бейнелері арқылы жүзеге аспай, Рухқа орын жоқ, олар «мұндағы болмыстың» тар шеңберіне саяды.

М.Әуезов «Қаралы сұлу», «Қасеннің  құбылыстары» және «Оқыған азамат»  әңгімелерінде санадан тыс, түйсіксіз  анархизмнен, адам психикасының тереңінде  ұзақ уақыт бойы мүлгіп жатқан хаостан  шығатын қауіп туралы белгі береді. Өзінің танылмаған, бағынбайтын «менін»  әйгілеу, оны шексіз сүю нысанына айналдыру немесе әр түрлі формада  жатсыну бедел, кумир, билік пен  жұмбақ мәселелеріне байланысты.

«Қасеннің құбылыстары» –  адам өмірінің мүмкіндіктерін өлшеудің өзгеше көркем тәжірибесі. Құмарлықтың  шырмауына, тұрмыс қажеттілігінің қорлығына  іліккені соншалық, өз-өздерін ұғына  алмайтын адамдар үшін Қасен психологиялық  қақпан жүйесін құрады.  Осындай  шиеленісті жағдайда ішкі сезім дағдарысы  көп қырлы. Әлеуметтік әлемді жетілдіру  үшін жасалған игі әрекет принципінің  өзінен түңілу кейіпкерді арсыз етеді.

«Қаралы сұлу» әңгімесінде  құпиялылық мәселесі ерекше мағынаға ие болады. Парадокс, алогизм, ұқсастық – айрықша символикалық тәсілдер, осы тәсілдердің көмегімен кәдімгі  сана кумирге қажетті психологиялық  тәуелділік тізбегін құрып береді. Беделді аналогияға болымсыз үлгі де қызмет ете алады. Қарагөз портретіндегі  бастысы – гиперреалистік форма, дерексіз бейне, пиктографиялық таңба. Қарагөздің соңғы қылығы кәдімгі  санада түсінбестік тудырады, сана автор идеясын харизманың осы  ақтық қырына бейімдеуге, икемдеуге  дайын емес. Кәдімгі сананың құпияға  құштарлығы, оның мазмұнын билеуге  талпыныс оны бұрынғы қалпында қалдыруға  әзірліктен көрінеді. М.Әуезов құпияның одақтасы болатын өкімет, соқыр наным, психоәлеуметтік әсер, символикалық ишара атрибуттарының феноменологиясын түсінуге тырысады. Сонымен, қорыта келе айтарымыз, импрессионистік және экспрессионистік «оптика» М.Әуезовтің алғашқы прозасын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.    

20-жылдардың алғашқы жартысында  жазылған шығармалардың көпшілігі  белгілі бір әдеби ағымның  туын көтеріп, идеялық-шығармашылық  нысанасын белгілеп, негізгі көркемдік  арнасын ажырата бастағанын көрсетті. Мағжан өмір сүрген 20-жылдарда  қалыптасқан мәдени жағдай көптеген  қасаң қалыптар мен ережелерге  үстемдігін жүргізді. Бұрыннан бар  түсініктер өздігінен жоғалып  кетуге мәжбүр болды. Сондай  түсініктің, дәлірек айтқанда тиым  салынған сөздің бірі  – «күнә»  деген сөз еді. Сондықтан Жұмабаев  прозасын оқығанда, төңкеріске дейінгі  көзқарасы қалыптасқан жазушының  бірталай қиыншылықтарды жеңіп,  идеялар мен құндылықтарды ықпалдастыра  жеткізгенін көреміз. 

Жазушының «Шолпанның күнәсі» (1923) атты әңгімесі – осы қырынан  талдауға әбден болатын дүние. Тарихи кезеңге үңілсек, сол кездегі  осы шығармаға деген пікірлер әрқилы болды, көбіне жатырқай қабылданды. М.Жұмабаевтың шығармаларының ішінде осы «Шолпанның күнәсі» өз бағасын  ала алмағанды. Бұл әңгімені толық  түсіну үшін автордың өзі жазған ой-толғаулары мен ескертулерін мұқият зерттеу  керек. Олай болмаған жағдайда әңгіменің  мазмұны тым қарадүрсін болып  қалады.

М.Жұмабаевтың шығармашылығын айтқанда, оның өз заманын сол кездің философиясы арқылы танығандығын айта кету керек. Егер адам о бастан «ақ» пен «қарадан» жаратылған десек, «Шолпанның күнәсін» осы сызбаға  оңай жатқызуға болады. Ал егер Ф.Ницшенің  «О торжестве человеческого, слишком  человеческого» (“Адамзаттың салтанат құруы, тым адамзаттану”) формуласына  сүйенсек, әңгіме мүлде басқа арнаға саяды.

«Шолпанның күнәсі» әңгімесінде  автор болар оқиғада қауіптің жатқандығын, адам психикасының қатпар-қатпар саласын, оның күрделілігін ашады. Сырттай  қарағанда «бақытты болсам» деген  арман қазақы қалыпқа сиып тұрғанымен, әңгімеде мүлде кереғар мағыналар  ашылады. Тосқауыл қоюға болмайтын, әлі де танымдық жағы белгісіз адам жанының ішкі дүниесі мен сыртқы қоғамдық нормалардың бітіспес күресі айқын көрінеді, мұнда Фрейдтің психоанализінің  сілемдері байқалады. 

Мағжанның бұл әңгіме арқылы біздің көзімізге жеткізген бір  шындығы – ешқашан қандай мақсатқа жету жолында мойынға күнә артуға болмайтындығы Жұмабаев стилінің күрделілігі, өзгешелілігі оның шығармаларын даралай түседі. Себебі, әңгімедегі әрбір сөйлемнің астарында әрі қарай өрбитін, көп ой  меңзеледі. Мағжанның кейіпкері қым-қиғаш ойлары мен ұйқысыз түндерінің нәтижесінде туған күнәсін шын түсінгенде, жаны шошиды, өзөзінен түршігіп кетеді. Ол ендігі жерде төрт құбыласы түгел өмір сүрмейтініне көзі жетеді. Осы жағдай санасына жеткенде, жан дүниесі арпалысқа түседі. Мағжан әңгімесінде «либидоның» қазақы өмірдегі көрінісі ашылған.    

20 ғасырдағы адебиет